Сауд Арабиясы 2027 жылы қажылыққа баруға қойылатын медициналық талаптарды жариялады
Сауд Арабиясы 2027 жылы қажылыққа баруды жоспарлап отырған азаматтарға медициналық талаптар белгіледі. Олар міндетті екпелерге, денсаулық жағдайына және белгілі бір аурулары бар адамдарға қойылатын шектеулерге қатысты, деп хабарлайды Tourcode.kz.
Бұл ақпаратты Қазақстан тарапына Сауд Арабиясының елшілігі жеткізді. ҚР Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті азаматтарды хабардар ету үшін талаптарды қажылық және умра сапарларын ұйымдастыратын туристік компанияларға жолдады.
Кімдердің қажылыққа баруына шектеу қойылуы мүмкін
Қажылыққа барар алдында медициналық тексеруден өту қажет. Сауд Арабиясы қажылық жасауға жол берілмейтін аурулар мен денсаулық жағдайларының тізбесін белгіледі.
Оған мыналар кіреді:
– Бүйрек, жүрек, өкпе және бауыр жеткіліксіздігінің ауыр түрлері.
– Ауыр неврологиялық және психикалық аурулар.
– Қарттық әлсіздікпен қатар жүретін деменция.
– Белсенді жұқпалы аурулар, соның ішінде туберкулездің ашық түрі.
– Иммунитетті айтарлықтай әлсірететін ем қабылдау кезеңіндегі онкологиялық аурулар.
– Жүктіліктің соңғы үш айы, сондай-ақ кез келген мерзімдегі жоғары қауіп тобына жататын жүктілік.
2027 жылғы қажылық үшін қандай екпелер қажет
Менингококк инфекциясына қарсы вакцинация барлық қажылар үшін міндетті болып қала береді. Екпені Сауд Арабиясына келуден кемінде 10 күн бұрын алу қажет. Вакцина түріне қарай оның жарамдылық мерзімі үш немесе бес жылды құрайды.
Қажылардың жекелеген санаттары үшін COVID-19-ға қарсы иммунитеттің бар екенін растау да талап етіледі. Оны төмендегілердің бірімен растауға болады:
– 2026–2027 жылдар маусымына арналған жаңартылған вакцинаны алу.
– 2021–2025 жылдары бастапқы вакцинация курсын толық аяқтау.
– 2026 жылы COVID-19-дан сауыққанын растау.
Сонымен қатар қажыларға маусымдық тұмауға қарсы екпе алу және басқа жоспарлы екпелерінің бар-жоғын тексеру ұсынылады.
Қажылар тағы нені білуі керек
Созылмалы аурулары бар адамдарға медициналық құжаттары мен қажетті дәрі-дәрмектерінің жеткілікті қорын түпнұсқа қаптамасында алып жүру ұсынылады.
Қажылық кезінде гигиена ережелерін сақтау, адам көп жиналатын жерлерде бетперде тағу, күн астында ұзақ жүрмеу және жеткілікті мөлшерде су ішу маңызды.
Жаңа талаптар 2027 жылғы қажылық маусымына (хижра күнтізбесі бойынша 1448 жыл) қатысты. Қазақстанның туристік компаниялары сапарларды ұйымдастыру кезінде қиындықтар туындамауы үшін қажыларды белгіленген ережелер туралы алдын ала хабардар етуі қажет.